Сезім мен эмоциялар.
1.Сезім жөнінде түсінік.2.Сезім мен эмоциялардың физиологиялық негіздері.3.Сезім теориялары.4.Сезім ерекшеліктері.5.Сезім қызметтері.6.Күрделі эмоциялар.7.Стресс және дистресс.8.Жоғары сезімдер.
Адам реалдық дүниені тек танып қана қоймайды, оған өзінің қатынасын да білдіріп отырады, ол бір нәрсені ұнатады, біреуді жақсы көреді, екінші біреуге салқын қарайды. Бір сөзбен айтқанда, өз қажеттеріне қарай айналасына түрлі көңіл күйін білдіріп отырады.Сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адамның қажеттеріне сәйкес келу-келмеуінің нәтижесінде пайда болып отыратын психикалық процестің түрі сезім деп атайды. Сезімдер адамның тіршілік қажетіне, өзара қарым-қатынасына байланысты сан алуан формаларда көрінеді. Адам сезімдері тарихи-әлеуметтік сипатта болады. Адамның сезімдері қоғамдық сипатта болып, сезімнің мазмұнын қоғамдық болмыс белгілеп отырады. Сезімдерден эмоцияларды айыра білу қажет. “Эмоция” ұғымының төркені – “емовера” деген латын сөзінен, “эмоцион” дейтін француз сөзінен шыққан. Қазақша мәні – тітіркендіру, толқу. Бұл – жан дүниесінің сыртқы және ішкі әсерлер салдарынан ызалану, каһалану, қорқу мен шаттану сияқты жағдайларының көрініс беруі. Эмоция – адамдар мен жануарлар дүниесінде де көрініс беретін кейіп. Эмоциялық күй адамды іс-әрекеттерге шабыттандырып, тиісті нәтижелерге жеткізеді немесе көңіл-күйін жабырқатып, іс-әрекетін бейберекетсіздікке ұшыратады. Сезім мен эмоцияның адам іс-әрекеті мен көңіл-күйіне ұнамды әсер етуі стеникалық – күшті сезім тудырса, ал ұнамсыз не теріс әсер етуі астеникалық - әлсіз, жағымсыз сезім тудырады. Стеникалық сезім жүйке жүйесіндегі қозуды күшейтсе, астеникалық сезім жүйкеге тежелу жасап, адамның әрекетшілдігін әлсіретеді. Сөйтіп, адамның сезім күйі және оның қысқа мерзімді айқын көрінісі – эмоция – жан дүниесінің жандануы мен тіршілік ағымында айтарлықтай маңызы бар психикалық процесс. Сонымен, эмоция дегеніміз – адамның органикалық мұқтаждықтарын қанағаттандыру не қанағаттандырмауға байланысты туатын психикалық күйлер.