Өзіміз оқытамыз, өзіміз жұмысқа шақырамыз: қызметкерлерді оқытуға қаржы бөлген он компанияның жетеуінің шығыны толығымен ақталды

Қазақстан бизнесі адами капиталды және STEM-кадрларды дамытуға қалай ықпал етеді?

Жаһандық бәсекелестік және ғылым мен технологияның артып келе жатқан маңыздылығы экономиканың барлық секторында STEM-мамандарға деген қажеттілікті айтарлықтай арттырады (ағылш. science, technology, engineering and mathematics — жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия және математика, техникалық бағыттар үшін жалпылама термин). АҚШ Ұлттық ғылым қорының деректері бойынша 2026 жылға қарай ғылым мен инженерия саласында кадрларға деген қажеттілік 13%-ға, ал жалпы жұмыс күші тек 7%-ға артады. Осыған ұқсас тенденция, яғни, техниктерге деген қажеттіліктің артуы бүкіл әлемде байқалады. Сонымен қатар, Citi Ventures тобының зерттеуі STEM-білімді және STEM-кадрларды дамытуды қолдайтын фирмалардың өз командаларын нығайтып, инновациялық және жауапты брендтердің беделін дамытып жатқанын көрсетті, бұл өз кезегінде, инвесторлар мен клиенттер арасында сұранысты арттырады және бизнес құнына тікелей әсер етеді.

Қазақстандағы бизнес адами капиталды және STEM-кадрларды дамытуға үлкен сұраныстың барын түсінеді. Қазақстандық компаниялардың осы заман талабына қалай жауап беретіні туралы көптеген жағымды мысалдар келтіруге болады.

Мысалы, Еуразиялық топ (Eurasian Resources Group, ERG) ERG кәсіпорындары орналасқан Ақтөбе, Павлодар және Қостанай облыстарының 24 техникалық және кәсіби білім беретін мекемелерімен, сондай-ақ үш университетпен және халықаралық ұйымдармен («Бір белдеу, бір жол» альянсы, ҚХР, және «Париж Академиясы», Франция) серіктестік орната отырып, Колледждер альянсын құрды. ERG оқу материалдық-техникалық базасын жабдықтауға ықпал етеді, оқушыларға қосымша стипендиялар және оқытушыларға сыйлықақылар төлеу үшін қаржы бөледі, студенттер мен оқытушыларға Қытайда, Германияда және Францияда тағылымдамалар ұйымдастырады. 2022 жылдан бері топ кәсіпорындарында 7 мыңға жуық студент өндірістік тәжірибеден өтті, ERG-де 1 мыңнан астам жастар жұмысқа орналастырылды. Бұл жүйе Қазақстандағы тау-кен металлургия саласы үшін кәсіби-техникалық кадрларды даярлауға тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар, топ орта білім беруді дамытуға, инженерлік-техникалық мамандықтар мен цифрлық технологияларды танымал етуге бағытталған ERG mektepke жобасын төртінші жыл қатарынан жүргізіп келеді. Бұл жоба оқушыларды, оқытушылар мен мектеп басшыларын оқыту бағдарламаларын, жаһандық конференцияға қатысуды және интерактивті цифрлық платформаға қолжетімділікті қамтиды. ERG STEM Girls жобасын, болашақ ғалымдарды, инженерлерді және инноваторларды дайындайтын қыздар мектебін ерекше атап өткен жөн, себебі әйелдерді STEM-ге қатыстыру адами капиталды дамытудың негізгі факторларының бірі болып қала береді.

Қазақстандық бизнестің бастамаларына әлемдік сарапшылар оң баға беруде. Мысалға, ERG Корпоративтік университеті Лондонда өткен EFMD Excellence in Practice Awards 2024 халықаралық байқауында жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық компания болды. Ауыр жүк көлігінің жүргізушілерін оқыту жөніндегі жоба марапатталды, нәтижесінде отын шығыны айына 30%-ға дейін немесе орта есеппен 100 мың АҚШ долларына азайды, сондай-ақ парниктік газдар шығарындылары 30%-ға немесе одан да көп пайызға кеміді. Айта кетерлігі, байқауға 40-тан астам кәсіпорын қатысты, олардың арасында Google LLC, Bayer & IMD, KPMG сияқты және тағы да басқа әлемге әйгілі компаниялар бар. Тағы бір айта кетерлік тұсы, ERG Корпоративтік университетінде 54 мың қызметкер немесе топ қызметкерлерінің шамамен 90%-ы түрлі дағдыларды үйренді. Демек, компания өзінің болашақ мамандарын мектеп табалдырығынан колледждер мен жоғары оқу орындарына дейін өсіріп қана қоймай, сонымен қатар құзыреттілік пен біліктілікті үнемі арттыруға ықпал ете отырып, жұмыс істеп жүрген қызметкерлерін де оқытады.

Техникалық кадрларды даярлауға қатысты тағы бір тамаша мысал келтірейік, «Қазатомөнеркәсіп» жүргізетін Murager білім беру гранттарын бөлу бағдарламасы. Осыған байланысты «Қазатомөнеркәсіп» орналасқан Түркістан, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жастар үшін түрлі мүмкіндіктер ашылатыны анық. Murager бағдарламасының қатысушылары Қазақстанның үздік техникалық колледждерінің немесе университеттерінің бірінде тегін білім алады және кейіннен осы «Қазатомөнеркәсіпке» жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Бағдарламаға Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, М. Әуезов атындағы ОҚМУ және басқа да оқу орындарын қосқанда, он бес ЖОО мен колледж жұмылдырылған.

Техниктердің кадрлық резервін толықтыру туралы тек өнеркәсіптік алыптар ойламайды. Мысалы, қаржы секторында мынадай қызықты кейс бар: 2014 жылдан бастап Қазақстанда Kaspi.kz жүргізетін Kaspi Lab білім беру жобасы жұмыс істейді. Оның аясында байқау негізінде жобаға қатысқан қатысушылар деректерді талдау, Big Data, SQL негіздері, SAS Base, Python бағдарламалау және т. б. бойынша тегін білім ала алады.

Жалпы алғанда, Қазақстанда техниктерге деген қажеттілік мәселесін әр қырынан қарайды. Нәтижесі жоқ емес. Мысалы, жоғары техникалық білім беру көрсеткіштері өте жақсы. Мәселен, 2023/2024 оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары мамандықтары бойынша 97,7 мың студент (жылына 4,6% қосылды), ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен байланысты мамандықтар бойынша 56 мың студент (12,1% қосылды), жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика саласы мамандықтары бойынша 26,3 мың студент (13,1% қосылды) оқыды. Осы үш бағытта білім алушылардың үлесі студенттердің жалпы санының 30,4%-ын құрайды, бір жыл бұрын 28,8% болатын. Осы бағыттар бойынша 39,4 мың маман білім алып шығады деп күтілуде.

Алдағы уақытта заңнамалық жоспарда Техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау жөнінде кешенді жоспар әзірленетін болады. Мұндай тапсырма ҚР Ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып орындауға жүктелді.

Өңірлерді техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға бағыттауға арналған колледждерді бейіндеу іске қосылды. 195 колледж өңірлердің экономика құрылымдары болып қайта құрылды, олардың басым бөлігі Қызылорда және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Астанада орналасқан. Санкциялар да бар: өткен оқу жылында 624 мамандық және 780 біліктілік бойынша лицензиялар қайтарылды.

Колледждер базасында шағын кәсіпорындар (технологиялық, жиһаз, тігін және басқа да салалар) құрылуда. Қазірдің өзінде осындай 26 кәсіпорын жұмыс істейді, ал ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 14 кәсіпорын ашу жоспарлануда. Олардың жұмысынан түскен қаражат оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады.

Бұл іс-шаралардың барлығы өз уақытында жасалып жатқан шаралар. Мысалы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есептеулері бойынша 2030 жылға қарай Қазақстанға миллионға жуық кәсіби техникалық мамандар қажет болады.

Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында былай деген болатын: «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау — айрықша өзекті мәселе. Бұл — экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын».

Тағы бір айта кететін жәйт, өзге елдерден келіп жұмыс істейтін техниктер де бар. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға техникалық мамандығы бар 15 жастан асқан 3,4 мың мигрант келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда, бірден 76,4%-ға артық. Сонымен бірге Қазақстаннан 2,3 мың техник маманы қоныс аударды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда, 46%-ға аз. Яғни, өткен жылдармен салыстырғанда, кеткендерден гөрі келіп жатқан техниктер әлдеқайда көп, көші-қон ағыны өсуде.

Шетелдік мамандардың есебінен кейбір қажеттіліктердің үлесін жабу фактісін дұрыс емес деп атауға болмайды. Мысалы, АҚШ-тағы докторлық дәрежесі бар STEM-саласы қызметкерлерінің 45%-ы шетелде дүниеге келген. Қазақстан шетелдік мамандарға үміт артпай, негізгі кадрлық әлеуетті өз бетінше қамтамасыз еткені абзал.

Қазақстандағы түрлі салалар мен өңірлердің мысалдары негізінде байқағанымыз, егер үлкен бизнестің қалауы мен стратегиялық ұстанымы болса, кәсіпкерлердің кәсіби адами капиталды қалыптастыруға әсері бұл мәселеде табыстың негізгі факторы болатыны анық. Бұл жәйт көптеген компаниялар техникалық мамандардың тапшылығын еңсеру үшін қайта даярлау және оқыту бағдарламаларына белсенді түрде инвестиция салатын әлемде де байқалады. McKinsey сауалнамасына сәйкес компаниялардың 46%-ы алдағы бес жылда өз қызметкерлерінің бестен бір бөлігінен көбін қайта оқытуды жоспарлап отыр, олардың 48%-ы осы бағдарламалардың арқасында табыстарының артқанын аңғарды. Мұндай стратегия бизнестің өзі үшін де ұтымды: компаниялардың шамамен 70%-ы оқыту шығындары өндірістік көрсеткіштерді жақсарту, қызметкерлердің қанағаттанушылығын және клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру есебінен ақталатынын атап өтті.

Начать дискуссию