ҚР-да суық судың жеке есептеуіштерімен жарақтандыру 85%-дан асты. Алайда, 100% көрсеткішке бір ғана аймақ қол жеткізді

Орталық Азия, атап айтқанда, Қазақстан су ресурстарының елеулі проблемаларымен бетпе-бет келуде. Еуразиялық даму банкінің есебіндегі деректер бойынша климаттық өзгерістерге, суға қажеттіліктің артуына және өзендерден келетін ағынның қысқаруына байланысты 2028 жылға қарай өңірде 5–12 текше км көлемінде су тапшылығы күтілуде.

Негізінде бұл бүкіләлемдік проблема. WWF зерттеуі тұщы су экожүйелерінің бұзылуы су ресурстарын тиімсіз басқарумен бірге бүкіл әлемде миллиардтаған адамның таза су мен санитарияға қол жеткізе алмай отыруына әкелгенін көрсетті. Оның үстіне, кәсіпорындар мен экономикалар үшін суға байланысты тәуекелдер өсіп жатыр. 2050 жылға қарай су жетіспеушілігінің тәуекелі жоғары аудандарына, бүгінгі 10%-бен салыстырғанда, әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 46% келуі мүмкін. Қазақстан мен ОА осы тәуекелі жоғары өңірлерге кіреді.

ҚР-да су ресурстарын пайдалануды бақылау мен оңтайландырудың түрлі шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, басты мәселелердің бірі — міндетті түрде суды есепке алу аспаптарын (ЕА) орнату және бақылау. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ЕА орнату міндеттілігі «Табиғи монополиялар туралы» Заңмен реттеледі.

Суды есепке алу аспаптарын орнату және оларды бақылау тетігі:

• Сатып алу және орнату. Монополия субъектісі ол үшін ақы ала отырып, тұтынушылар үшін ЕА сатып алуға және орнатуға міндетті. Тұтынушы қондырғыға уақытылы ақы төлеуге және мамандардың кіруін қамтамасыз етуге тиіс.

• Өздігінен орнату. Егер құрылғы сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі суды есепке алу аспаптарын таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларына сәйкес келсе, тұтынушы ЕА-ны өз бетінше орната алады.

• Пломбалау. ЕА орнатылғаннан кейін тұтынушы сумен жабдықтау ұйымы немесе оның сайты арқылы оны пломбалауға өтінім беруі тиіс.

• Төлемақы есептеу. Пломбалаудан кейін ЕА деректері сумен жабдықтау төлемақысын есептеу үшін биллингтік жүйеге енгізіледі. Пайдаланушы белгіленген тарифтер бойынша қызмет ақысын төлеуге міндетті.

Жалпы алғанда, ҚР-да суық суды есепке алу аспаптарымен жарақтандыру деңгейі жаман емес, алайда кейбір өңірлерде кемшіліктер байқалады. Мысалы, Қазақстан бойынша үйге ортақ есепке алу аспаптарымен (ОЕА) жарақтандырудың орташа деңгейі 67,8%-ды, ал жеке есепке алу аспаптарымен (ЖЕА) жарақтандырудың орташа деңгейі 85,4%-ды құрайды.

ОЕА-мен жарақтандырудың ең жақсы көрсеткіштері Алматы, Шымкент және Батыс Қазақстан облысында байқалады: бірден 100%. Елордадағы көрсеткіш те өте жақсы: 99,7%. Ал, Қостанай облысында жарақтандыру бар болғаны 5,2%-ды, Атырау облысында — 8,3%-ды, Солтүстік Қазақстан облысында — 12,1%-ды құрайды.

ЖЕА-ге келетін болсақ, бұл жердегі жағдай жақсырақ. 90%-дан астам көрсеткіш бірден ҚР 20 өңірінің 13-інде тіркелген. Алайда 100% жарақтандыру деңгейі Маңғыстау облысында ғана байқалады. Толығырақ кестелерде көрсетілген.

Егер тұрғындарда жеке есепке алу аспаптары бар болса, үйге ортақ суды есепке алу аспаптарының қажеті қанша? Бұл жерде ОЕА мен ЖЕА түрлі функцияларды атқаратынын және бір-бірін толықтыратынын түсіну маңызды.

ЖЕА орнатылған болса да, ОЕА-ның маңызды болуының себептері туралы толығырақ инфографикада түсіндіреміз. Қорытындылай келе, үйге ортақ есептеуіштер ресурстардың жұмсалуын жақсырақ бақылауға, шығындарды бөлуге және есептеулердің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал жеке су есептеуіштерін орнатудың маңыздылығы, әсіресе коммуналдық қызметтерді тұтынудың әлеуметтік нормаларына сүйенетін болсақ, барлығына бұрыннан белгілі, біз бұл туралы егжей-тегжейлі жазған болатынбыз.

Начать дискуссию